Алматыда екі баланы өрттен аман алып қалған сержант марапатталды

Қорғаныс министрінің бұйрығымен Құрлық әскерлері Әскери институтының әскери қызметшісі 3-сыныпты сержант Жандос Барлыбаев ерлігі үшін 'Ел қорғаны' медалімен марапатталды, деп хабарлады Stan.kz.

Алматы, NEGE. Марапатты қорғаныс ведомствосы басшысының атынан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев табыстады.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан санаулы күн бұрын Алматы қаласында Красногорская көшесі, 4/1 мекенжайында орналасқан жатақхананың бірінен өрт шыққан болатын.

Әскери қызметші ол туралы таныстарынан естіп, ойланбастан оқиға орнына барған. Көрші ғимараттың отқа оранған 2-ші қабатын көрген сержант Жандос Барлыбаев терезе торларымен екінші қабатқа көтеріледі.

Ол жерден 12-13 жастағы баланы, төрт айлық нәрестені алып шығып, сондай-ақ анасының жанып жатқан ғимараттан шығуына көмектесті.