Алматыда бір күнде 300-ден астам адам Pfizer вакцинасын алды
Алматыда 12 қараша күні 300-ден астам жасөспірім, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналар Comirnaty Pfizer / BioNTech вакцинасын салдырды.
Алматы, NEGE. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, мегаполисте бір күнде 300-ден астам адамға Pfizer вакцинасы салынды. Алматы қаласының тұрғыны Вероника Букша №4 қалалық емханада тіркелген. Осыдан 2 ай бұрын екінші сәбиін дүниеге әкелді. Вероника алғашқылардың бірі болып вакцина салдырды. «Мен бала емізетін анамын, сондықтан баламды, өзімді, отбасымды мүмкіндігінше қорғағым келеді, емханадан медицина қызметкерлері шақырып, алғашқылардың бірі болып Pfizer вакцинациясын алдым, мен өте қуаныштымын. Себебі мен осы күнді күткен едім», - дейді қала тұрғыны.
№4 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Мәдиярованың айтуынша, медицина қызметкерлері тарапынан тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. «Соңғы екі аптада емханада Pfizer вакцинасы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. №4 емхана 12 мен 17 жас аралығындағы 4540 бала оқитын 10 мектепке қызмет көрсетеді. Ертең біздің дәрігерлер, яғни эпидемиологтар, салауатты өмір салтын ұстанатын дәрігерлер, жалпы тәжірибелік дәрігерлер мектеп оқушыларының ата-аналарына онлайн семинарлар өткізеді. Бүгінде бала емізетін әйелдер, жүкті әйелдер, колледж студенттері, жоғары оқу орындары, сонымен қатар студенттер екпе алды. Бүгінгі таңда вакцинаға 40 бала емізетін анадан, 29 жүкті әйелдерден, 38 мектеп оқушыларының ата-аналарынан келісім алынды», - дейді дәрігер.