Алматыда бір ғана мектеп дәстүрлі режимде жұмыс істейді
Алматыдағы №197-інші мектеп білім күнін дәстүрлі сынып сағатымен бастады. Медеу ауданына қарасты Сұлусай елдімекенінде орналасқан бұл білім ошағы қаладағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін жалғыз мектеп.
Алматы, NEGE. Бала саны аз болғандықтан білім басқармасы мен қалалық бас санитар дәрігер балалардың мектепке келіп оқуына рұқсат берген. 9 жылдық мектепте екі ауысымда 63 бала оқиды. Әр сыныптағы бала саны 6-дан аспайды. Мектепте барлық санитарлық талап сақталған. Ал ұстаздар саны – 19.
№197 мектеп директоры Тұнық Сарыбаева: "Барлық сыныпта антисептиктеріміз және кварцтық лампаларымыз толықтай қамтамасыз етілді және әрбір қоңырауға шыққан уақытта әр сынып әр уақытта шығады. Оқушыларымыз таңертең келген кезде олардың дене қызуын тексеретін 2 емханадан бөлінген медбикелер бар" деді.