Алматыда базарлар мен ірі сауда ойын-сауық орталықтары ашылды
Алматыда бүгіннен бастап базарлар мен ірі сауда ойын-сауық орталықтары ашылады. Қоғамдық көлік саны артады.
Алматы, NEGE. Қала біртіндеп қалыпты өмірге түсіп келеді. Қала тұрғындары үшін маңызды нысандар қызметтеріне қайта кірісуде. Мәселен, қазіргі уақытта 79 жанар-жағармай құю станциялары жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы көбейеді.
Көлік жүргізушілері ұзын-сонар кезектің азайғанына қуанышты. Бензин де тапшы емес. 10 қаңтардан бастап қалада 11 бағытта қоғамдық көлік жүре бастады. "Оңай" жолақы төлемі де іске қосылды. «Жолаушылар аз болып жатыр, 5-нен кейін бүгін шықтық. 2-айналым бара жатырмыз. 10-15 адамды тасыдық», – дейді автобус жүргізушісі Бақытжан Анарбеков.
Бұл түске дейінгі жағдай болатын. Жаңалықты естіген жұрт көшеге шыға бастаған. Мобильділік басқармасының мәліметінше, автобустар кешкі 5-ке дейін 70 мыңнан астам жолаушыны тасымалдаған. Бүгін қоғамдық көлік саны тағы көбейеді. 41 бағытта 500-ден аса автобус жүреді.
Автобустардың қатынай бастауы тұрғындардың базарға барып, емін-еркін азық-түлігін алуына да сеп болды. Кеше қаладағы 10 базар іске қосылған. Ал бүгіннен бастап мегаполистегі базарлар түгел ашылса, ірі сауда-ойын-сауық орталықтары да жұмысқа кіріседі. Тек әзірге 20 нысанның 14-і жанданады.Өртеніп, бүлінгендерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.