Алматыда әлеуметтік жобалар көбейді
Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Берік Солтанбаев онлайн брифинг барысында әлеуметтік жобалар туралы айтып берді.
Алматы, NEGE. «Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға келетін болсақ, Медеу ауданында балаларға арналған алты аудандық кітапханада жүйеленген үйірме бар. Ауданның жалпы білім беретін 28 мектебінде тегін үйірмелер ұйымдастырылған. Атап айтқанда, бүгінгі күні ауданда 5257 баланы қамтитын 259 тегін шығармашылық үйірме жұмыс істейді. 83 тегін спорт секциясында мектеп жасындағы 4694 бала спортпен айналысуға мүмкіндік алды»,– дейді Берік Солтанбаев.
Сонымен қатар, ол ауданда 39 жалпыға қолжетімді workout алаңы, 35 футбол алаңы, 48 баскетбол алаңы жұмыс істейтінін атап өтті.
«Ауданда қолжетімді әлеуметтік нысандар желісін дамыту мақсатында түрлі спорт түрлері бойынша тегін секцияларды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Қазан айының соңында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін «Медеу» атты 2 футбол секциясы қолжетімді болды. Әлеуметтік жоба аясында 50 бала футбол секциясына тегін қамтылды. Ата-аналардың сұраныстары негізінде жыл соңына дейін 30 балаға арналған 3 футбол секциясын ұйымдастыру жоспарланып отыр»,– деді ол.
Бұдан бөлек, ауданда жаңа әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтар болсақ, ашық аспан астындағы фитнес-клуб, баскетбол мен волейболдан тегін секциялар, домбыра үйірмесі, ұлттық қолөнер бұйымдарын дайындайтын жастар шеберханасы, «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы, сондай-ақ жаңа заманауи кітапхана.