Алматыда ақылы автотұрақтардың мемлекеттік бірыңғай операторы құрылды

«Алматы паркингі» бірыңғай операторы құрылып, кәсіпорын директоры тағайындалды.

Алматы, NEGE.  Бұл туралы қалалық мобильділік басқармасы мәлім етті.

Ведомство мәліметінше, көлік тұрақтарын одан әрі күтіп ұстау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу жұмыстары басталды. Оған дейін автотұрақтарды басқарған компаниялар өз қызметін жалғастыратын болады. Қазір автотұрақтар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Әдеттегідей, төлемдер тексеріліп, айыппұлдар салынады.

«2022 жылдың 6 желтоқсанындағы жағдай бойынша компаниялардың есепшотында 596 млн теңге бар. Бұл сома күн сайын толықтырылып отырады және серіктестік басшыларына қатысты сот ісі аяқталғаннан кейін құрылған мемлекеттік кәсіпорынның есепшотына аударылады», - деп атап өтті Алматы қалалық мобильділік басқармасынан.

Қазіргі уақытта компания басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды және бюджет қаражатын ұрлаумен байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Сәуір айында ақылы автотұрақтар коммуналдық меншікке қайтарылды. 25 сәуірден бастап автотұрақтардан түскен барлық кіріс қала бюджетіне түседі.

«Алматы тұрғындарының шағымдары негізінде сервис сапасын арттыру мақсатында ақылы тұрақтар жұмысын жетілдіру үшін кешенді шаралар қабылданады. Алдағы уақытта халықаралық тәжірибені қолдана отырып, қалалық тұрақ кеңістігін дамыту және көшелер мен аулаларды абаттандыру үшін ақылы тұрақтардан түсетін түсімдерді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ, жинақталған проблемаларды шешу үшін қалада көп деңгейлі тұрақтар салу басымдыққа ие болады».- деп атап өтті қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Компаниялардың ақпараты бойынша, ақылы тұрақтардан қаржы айналымы жылына орта есеппен 1,4 млрд теңге болды. Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі алғаш рет 2016 жылы енгізілді. Осы сәттен бастап қалада 11 мыңнан астам тұрақ орындары мен 200-ден астам паркоматтар орнатылды. 

Ірі қалаларда көлік кептелісі – үлкен мәселе. Жол қозғалысын реттеп, көшелердегі кедергілерді азайту үшін әртүрлі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынып келеді. Соның бірі – ақылы автотұрақтар жүйесін енгізу әдісі.

Қалада көлік көбейген сайын, проблеманың да көбеюі заңдылық.

«Алматының ақылы автотұрақтары» Жобасы көше кеңістігін оңтайландыру және жаяу жүргіншілердің де, сондай-ақ қозғалыс көліктерінің де еркін жүрісін қамтамасыз ету мақсатында жасалды.