Алматыда 466 кәсіпорын жұмысын бастады
20 сәуірден бері Алматыда 466 кәсіпорын жұмысын жандандырды, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялыр басқармасының өкілдері хабарлады.
Алматы, NEGE. Рұқсат тек санитарлық талаптарды орындаған завод-фабрикаларға ғана беріледі. Көпір құрылымдарын жасайтын завод алғашқылардың бірі болып аудиттен өтіпті. 17 сәуір күні комиссияның қорытындысын алып, 20 сәуірде жұмысты бастайды. Алғашқы кезеңде 240 адам жұмысқа шыққан. Ал 25 мамырдан бастап тағы біраз қызметкер заводқа оралады. Бірақ тікелей өндіріске қатысы жоқ жұмысшылар әлі қашықтан еңбек етеді.
Індеттің кесірінен 1,5 ай тоқтап тұрған завод енді өндірісті қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Қазақстандағы ірі «Ай-ти»компания да сәуір айының соңында аудиттен өтіп, қазір жұмысқа кірісті. Дегенмен конвеердегі жұмысшылардың арақашықтығы бұрынғыдан үлкейген. Түскі ас ішетін кезде де бір үстелге бір адамнан ғана отырады. Ал дене қызуы көтерілген қызметкерлер бірден санитарлық блогқа жатқызылып, жедел жәрдем шақырылады.
Бірақ санитарлық талапты толық орындамаған кәсіпорындар кемшіліктерін түземейінше аудиттен өте алмайды. Қазіргі уақытта тағы 25 кәсіпорынның өтініші комиссия қарауында жатыр. Олар бойынша шешім жақында қабылданады.