Алматыда 2 қабатты ғимарат өртенді
Алматыда Радостовец көшесіндегі екі қабатты ғимараттан өрт шықты.
Алматы, NEGE. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 қараша күні таңғы сағат 6: 34-те Алматы ТЖД кезекші бөліміне Бостандық ауданы Радостовец көшесінде орналасқан ғимараттың өртеніп жатқаны туралы ақпарат түсті.
«Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келгенде 250 шаршы метр аумақта бос тұрған екі қабатты ғимараттың шатыры мен екінші қабатының жартылай жанып жатқаны анықталды. Өртті сөндіру үшін 8 өрт оқпаны берілді, қатты түтіндеуге байланысты ғимарат ішінде газ-түтіннен қорғау қызметінің 3 буыны жұмыс істеді. Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында өрт сағат 7:55-те ауыздықталып, 08:36 минутта толықтай сөндірілді және қызыл жалынның ғимараттың 1 және 2 қабаттарына таралуына жол берілмеді», – деп хабарлады департаменттен.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 53 адам, 14 техника жұмылдырылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.