Алматыда жүйіткіген көлік музей алдындағы арт-инсталляцияға соғылды

Алматы қалалық полиция қызметі желіде Медеу ауданында болған жол-көлік оқиғасының бейнежазбасын жариялады.

Алматы полиция департаменті

Астана, NEGE. Полицейлердің хабарлауынша, апатқа дейін Әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта кетіп бара жатқан BMW автокөлігінің жүргізушісі бірнеше рет жолақ ауыстырып, қауіпті маневрлер жасаған.

Бірнеше секундтан кейін жүргізуші көлікті басқара алмай, жолдың жүру бөлігінен шығып кеткен. Артынша музей алдындағы алаңға шығып, шар пішініндегі сәндік арт-инсталляцияға соғылған.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлердің тексеруінен кейін олар үйлеріне жіберілген.

«Бейнебақылау камераларындағы жазбалар тексеру материалдарына тіркелді», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған жан-жақты тексеру жүргізілуде.

Еске салсақ, 15 шілдеде Түркістан облысының Бәйдібек ауданында болған жантүршігерлік жол апатынан жеті адам қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, түнгі уақытта Toyota Camry мен Volkswagen Passat жеңіл көліктері бір-бірімен соқтығысқан.