Алматыда жүк көліктерінің жүргізушілерін ереуілге шақырған ер адам ұсталды

Алматыда жүк көліктерінің жүргізушілерін салмаққа қойылған шектеулерге қарсы наразылыққа шақырған 41 жастағы ер адам 15 тәулікке қамалды.

Алматы ПД

Астана, NEGE. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желіде ер адамның жүргізушілерге үндеу жасаған видеосы тараған. Ол жүк көліктерінің салмағына қатысты шектеулерге қарсылық білдіріп, 1 қарашада жүргізушілерді жұмысын тоқтатуға шақырған.

Полиция видео авторының кім екенін анықтады. Сот оны рұқсат етілмеген жаппай іс-шараға шақырғаны үшін әкімшілік жауапқа тартып, 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілген. 25 шілдеден бастап қаланың белгілі бір бөлігінде оське түсетін салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жүруге тыйым салынған.

Сондай-ақ қазан айында қалаға кіреберістерге жүк көліктерінің салмағы мен көлемін тексеретін құрылғылар орнатыла бастаған.