Алматыда жылу-электр орталығын шоты бұғатталған компания салмақ

«Самұрық-Энерго» ұлттық компаниясының басшысы Қайрат Мақсұтов Алматыдағы үшінші жылу-электр орталығын KBI Energy Group компаниясы салатынын мәлімдеді.

magnific.com/ЖИ

Астана, NEGE. Бұл ретте БАҚ өкілдері Мақсұтовтан компанияның банк шоттары бұғатталғанын және мүлкіне қатысты нотариалды әрекеттер жасауға тыйым салынғанын айта келіп, «Олардың жылу-электр орталығын толық салып беретініне сенімдісіз бе?» деп сұрады.

«Самұрық-Энерго» басшысы аталған компанияда ребрендинг жүргізілгенін атап өтті.

«Сіз айтып отырған нәрсе, шамасы, ескі компанияға қатысты болса керек. Компанияның электр энергетикасы нысандарын салуда мол тәжірибесі бар әрі аяқталған жобалары да бар. Сондықтан, жалпы алғанда, бізде айтарлықтай күмән жоқ. Олар тиісті тендерді жеңіп алды. Яғни, ол жерде бір ғана көзден алу тәсілі қолданылған жоқ. Бұл мердігерді таңдауға арналған ашық, жария тендер болды.

Сондықтан компания келісімшартты орындауға қатысты барлық қажетті кепілдікті де, авансқа байланысты кепілдіктерді де ұсынады. Яғни, бәрі қарастырылған. Сол себепті, негізінен, бізде ешқандай сұрақ жоқ», – деп жауап берді Қайрат Мақсұтов.

Журналистер ребрендинг 2023 жылы жүргізілгенін әрі компанияға салынған тыйымның әлі алынбағанын айтып, құрылтайшысының кім екенін нақтыламақ болғанда, «Самұрық-Энерго» басшысы ол жөнінде ақпарат білмейтінін айтып қысқа қайырды.

Айта кетерлігі, жобаға жалпы 266 млрд теңге бөлініп, оның үштен бірі төленіп қойған.

Бұған дейін KBI Energy Екібастұздағы бірінші және екінші мемлекеттік аудандық электр станцияларында жұмыс жүргізген, сондай-ақ Ақсуда қазандық салған.

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда автосақтандыру бағасы өсуі мүмкін

Тоқаев Президент Әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебайдың жұмысына баға берді

«Қазмырыш» зауытындағы жарылыс: екі адамның қазасынан кейін қылмыстық іс қозғалды

Жылдамдықты 2 км/сағатқа асырғаны үшін айыппұл салына ма: ІІМ жауап берді