Алматыда жаңадан төселген тротуар опырылып түсті

Алматыда Жароков көшесі мен Бұқар жырау бульварының қиылысындағы жақында төселген жаяу жүргіншілер жолы опырылып түсті. Тұрғындар жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгенін сынға алды.

botakoz.asimkhan/threads, видеодан кадр

Астана, NEGE. Ботагөз Әсімхан есімді алматылық тұрғын Threads әлеуметтік желісінде тротуардың қазіргі жай-күйіг көрсететін видео жариялады. Оның айтуынша, бұл аумақта тас кеспекше қазан айында ғана төселген.

«Ал тротуар бір адам немесе анасы сәбиін бесік арбамен алып келе жатқанда опырылып кетсе не болар еді?» – деп жазды тұрғын желіде.

Осы жайтқа қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, мамандар Жароков көшесінің батыс жағындағы, Бұқар жырау бульварымен қиылысатын аумақты тексерген. Нәтижесінде тротуар төсемінің шөгуіне жаяу жүргіншілер өткелінің астынан өтетін құбыр диаметрінің сәйкес келмеуі себеп болғаны анықталған.

Әкімдіктегілердің хабарлауынша, ақауды мердігер ұйым өз күшімен қысқа мерзімде жойып, аумақты қалпына келтіреді.