Алматыда үш бағытта метроның 23 бекеті салынады
Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев айтты.
Алматы, NEGE. Оның сөзінше, қолданыстағы метро желісі Абай даңғылы бойымен Алатау көшесі арқылы «Барлық» станциясына дейін ұзартылады — 3 метро бекеті болады (5,3 км). Оның құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген.
Одан бөлек Алмасхан Сматлаев метроны «Жібек жолы» бекетінен Алматы әуежайына дейін жеткізу жоспары туралы баяндады.
— Бұл бағытта 8 бекет пен 14 шақырым метро желісі салынады. Ол Гоголь көшесі арқылы Орталық демалыс саябағы арқылы өтеді. Әрі қарай Шығыс автомобиль айналма жолына шығып, әуежайға дейін жетеді. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Мемлекеттік сараптамадан 2026 жылдың қаңтар-ақпан айында өтеді, — деді ол.
Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары метро желісінің үшінші бағытына тоқталды. Бұл жоба бойынша «Сайран» бекетінен Алатау қаласына дейін 12 бекет (21,5 км) салу жоспарланған. Техникалық-экономикалық негіздеме 2026 жылдың желтоқсан айында дайын болады.