Алматыда тұрғын үйлердің бірін жарып жіберемін деп қорқытқан 14 жастағы бала ұсталды
Алматыда жоспарланған терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасағаны үшін жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды Алматы қаласы Терроризмге қарсы комиссиясының аппараты.
Алматы, NEGE. 14 жасар жасөспірім Алматыда терроризм актісін жасайтынын айтқан. Бұл туралы ол жергілікті тұрғынның WhatsApp нөмірінен хабарлады.
Бұзақы өзінің хабарламасында Медеу ауданында орналасқан тұрғын үйлердің біреуін жаруды жоспарлағандығын нақтылаған.
"Ақпарат шұғыл ден қоюды қажет етті. Ол түсе салысымен аталған мекенжайға қаланың шұғыл қызметтерінің барлық өкілі шықты және саперлердің көмегімен ғимаратқа комиссиялық тексеру жүргізілді: жарылыс құралдары мен басқа да заттар табылмады. Ақпарат расталмады. Оның авторы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бір сағат ішінде анықталды. Ол аталған тұрғын үйлердің бірінің 14 жасар тұрғыны болып шықты.
Жасөспірім өз кінәсін мойындады және хабарламаны бұзақылық ниетпен жібергендігін растады. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 273-б. – терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қылмыстық істі жүргізуді біздің Департаменттің Тергеу басқармасы жүзеге асырады" - дейді Алматы ПД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әділбеков Берік.
Полицейлер терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламаны біле тұра таратқандарға алты жылға дейін бас бостандықтан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.