Алматыда тұрғын үй кешенінде шыққан өрт кезінде әйел адам көз жұмды

Алматыда 24 тамызға қараған түні тұрғын үй кешендерінің бірінде шыққан өрт салдарынан төрт адам ауруханаға түсіп, бір адам қаза болды.

Видеодан кадр/ instagram.com/112almaty

Астана, NEGE. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, сағат 22:49-да  Әди Шәріпов көшесі, 145 мекенжайында орналасқан 13 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер екінші кіреберістің техникалық бөлмесі мен қабаттарындағы, сондай-ақ бірінші кіреберістің 7-13 қабаттарындағы электр қалқандары өртеніп жатқанын анықтаған.

Оқиға орнынан 150-ге жуық адам құтқарылғанымен, ес-түссіз күйде табылған әйелді аман алып қалу мүмкін болмады.

«Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілді. Баспалдақ арқылы 148 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды. Төрт адам ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің бірі ес-түссіз күйде табылды. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері реанимациялық шаралар жүргізгенімен, зардап шеккен адамды құтқарып алу мүмкін болмады», – делінген хабарламада.

Өрттің өршуіне оның кеш хабарлануы себеп болған. Алдын ала мәлімет бойынша, автоматты өрт дабылы өрт сөндіру бөлімшелеріне қоңырау шалынғанға дейін бір жарым сағат бұрын іске қосылған. Алайда тұрғындар тарапынан өртке қарсы қызметке дер кезінде хабарлама түспеген.

Өртті сөндіруге шамамен 90 құтқарушы мен 25 арнайы техника жұмылдырылды.

ТЖД өкілдерінің мәлімдеуінше, бұған дейін тұрғын үй кешеніне өрт-техникалық тексеру жүргізіліп, тексеріс нәтижесінде жауапты тұлғаларға өрт қауіпсіздігіне байланысты ақауларды жою жөнінде нұсқама берілген. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.