9 апреля 2025 г. 15:57

Алматыда сатиралық пабликтің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты сот ісі жалғасты

Фото: сот залынан

2025 жылы 9 сәуірде Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Енсебекке қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі қайта жалғасты.

Алматы, NEGE. Темірлан Еңсебек ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша «адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс жасады» деген айып тағылды. Істі судья судья Бейнегүл Қайсина жүргізіп жатыр. Прокурор – Дидар Қабаев.

Темірлан Еңсебек сотқа онлайн байланыс арқылы тергеу изоляторынан қосылды. Бұған дейін іс Алмалы аудандық сотында қаралған. Кейінен  іс мемлекеттік айыптаушының өтініші негізінде Наурызбай аудандық сотына ауыстырылды. Оған қылмыстық құқықбұзушылық Еңсебектің тіркеуде тұрған мекенжайында жасалғаны себеп болып отыр.

Отырыстың басында айыпталушы үш өтініш білдірді: бұлтартпау шарасын өзгерту, қылмыстық істі тоқтату, сотқа  сот залынан қатысу.

Судья сот процесі аралас форматта өтетінін мәлімдеді, яғни отырыстар офлайн режимде өтеді, бірақ айыпталушы сот залында қатыспайды.

Сотта Темірлан Еңсебектің әкесі қазақша сөйлемек болған. Алайда, судья соттың Темірлан Енсебектің талабымен орыс тілінде жүргізіліп жатқанын алға тартты. 

Айта кетейік, қаңтарда Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің пәтерінде тінту жүргізіліп, ол екі айға қамауға алынды.