Алматыда тегін 10 сотық жер беру тоқтатылды
Алматыда енді жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдері бөлінбейді. Азаматтар тұрғын үй кешендері есебінен баспанамен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы, NEGE. Бұл туралы Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы хабарлады.
– Қазіргі таңда Алматы қаласының Бас жоспары аясында қалалық инфрақұрылымның барлық бағытын дамытуға арналған бірінші кезектегі бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру көзделген. Бұл – көпқабатты немесе қабаты аз құрылысты дамыту, тұрғын үйлерді қайта жаңғырту. Аудандық нақты жоспар тұжырымдамасы ескі құрылысты сүріп, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді дамытуға негізделген, - делінген жауапта.
Қала аумағында жеке тұрғын үй құрылысына арналған алаңдар қарастырылмаған.
– Осыған байланысты Алматы қаласында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін дайындалып, берілмейді және кезек жүргізілмейді. Бұл мақсаттарға бюджет қаражаты бөлінбейді, - деп хабарлады жер қатынастары басқармасы.