Алматыда сүт безі обыры диагнозымен жиырмаға жуық ер адам есепте тұр – онколог
Алматыдан жиырмаға жуық ер адамнан сүт безі обыры анықталған. Бұл жөнінде 1 қазан күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы онкологиялық орталығының консультациялық-диагностикалық бөлімінің меңгерушісі Ақбота Әділова мәлімдеді.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, сүт безі обыры жас талғамайды әрі ауру ерлер арасында да кездеседі.
«Қазір Алматы онкологиялық орталығында осы диагнозбен жиырмаға жуық ер адам есепте тұр. Әрине, ерлер арасында бұл ауру сирек кездеседі. Дегенмен, өкінішке қарай, ер адамдар да қауіп тобына кіреді», – деді дәрігер.
Дәрігерлердің айтуынша, биыл сегіз айдың ішінде Алматыда сүт безі обырының 659 жағдайы анықталған. Оның ішінде бес әйелден аурудың нөлінші сатысы, 305 әйелден бірінші, 312 науқастан екінші, 20 әйелден үшінші және 17 науқастан төртінші сатысы анықталды.
«Көп жағдайда сүт безі обыры екінші сатыда анықталып отыр», – деді онколог-маммолог дәрігер Балзия Қалымбетова.
Дәрігерлер аурудың жыл сайын жасарып бара жатқанын айтады. Алматыда сүт безі обыры анықталған ең жас науқас 21 жаста болса, ең қарт пациент 93 жаста болған.
Бұл ретте Алматы онкологиялық орталығының бөлім меңгерушісі Ақерке Оразбаева 2008 жылдан бері Қазақстанда ұлттық скрининг бағдарламасы жұмыс істейтінін еске салып өтті. Оның айтуынша, 40 пен 76 жас аралығындағы әйел адамдар МӘМС жүйесінде сақтандырылмаса да, екі жылда бір рет тегін маммографиялық тексеруден өте алады.