Алматыда су тазартудың заманауи технологиялары енгізілуі мүмкін
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды су тазартудың инновациялық шешімдерімен айналысатын америкалық World Water Works компаниясының басшылығымен кездесті.
Алматы, NEGE. Кездесуде Алматыдағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғыртуға бағытталған бірлескен жобаны іске асыру мәселесі талқыланды.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, су бұру жүйесін жаңарту – қаланың басты бағыттарының бірі:
«Бұл жобалар экологиямен, алматылықтардың өмір сапасымен және мегаполистің тұрақты дамуымен тікелей байланысты», – деді қала әкімі.
World Water Works компаниясының президенті Амареш Конаманени ұйым АҚШ, Канада, Азия елдері мен Таяу Шығыста табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтіп, енді Орталық Азия нарығына шығуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Алматы осы бағыттағы әлеуетті орталық ретінде қарастырылуда.
Кездесу қорытындысында тараптар жобаны бірлесіп жалғастыруға және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік форматын қарастыруға уағдаласты.