Алматыда Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі басталды: оған бес бап бойынша айып тағылды

Алматыда белсенді, «ҚазТрансГаз» компаниясы басшысының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаевтың ісі бойынша сот процесі басталды.

instagram.com/sanzhar_bokayev

Астана, NEGE. Ол Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша (190, 188, 218, 340 және 274-баптар) айыпталып отыр.

Тергеушілер Боқаев сыбайластарымен бірге ірі алаяқтық схемасын ұйымдастырған деп есептейді. Сондай-ақ ол қылмыстық жолмен алынған қаражатты жылыстатты деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер заңсыз табыстың қайдан келгенін жасыру үшін түрлі қаржылық операциялар пайдаланған.

Бұдан бөлек, тергеу дерегінше, Боқаев Баум тоғайындағы гранит тақталарды ұрлау және ағаштарды заңсыз кесу әрекеттерін ұйымдастырған. Іс материалдарында ол сыбайластарымен бірге бұл әрекеттерді камера алдында әдейі сахналап, кейін әлеуметтік желіде жалған видео жариялағаны айтылған.

Еске салайық, Санжар Боқаев биыл наурызда Алматыда ұсталды. Онымен бірге жиені Мадияр Қалменов пен Ұлан Нүсіпқожа да сот алдында жауап беріп жатыр.

Тергеу мәліметінше, Қалменов Боқаев мемлекет қатысатын компанияларда жұмыс істеген кезеңде қаражатты заңсыз шығаруға көмектескен. Ал Нүсіпқожа мемлекеттік мүлікті ұрлауды ұйымдастыруға қатысып, орманды заңсыз кесуді қоса алғанда, сахналанған әрекеттердің барлығын видеоға түсірген деген күдікке ілінген.