Алматыда Райымбек–Саин жолайырығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Алматының қалалық мобильділік басқармасы Райымбек батыр даңғылы мен Саин көшесінің қиылысындағы жолайырықтың жағдайына қатысты пікір білдірді. Бұл мәселе соңғы уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде қызу талқыланған еді.
Алматы, NEGE. 2005 жылы салынған жолайырық бақылауда. 2016, 2020, 2023 және 2025 жылдың наурызда жүргізілген тексерулер барысында қауіпті деформация анықталған жоқ.
Дегенмен, 2024 жылдың қарашасында жолайырыққа күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды. Бұған бетон жабындысындағы ақаулар, жіктер мен жол төсемінің тозуы себеп болған. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, ал жөндеу жұмыстары 2026 жылы басталады.
Оған дейін жолайырықтың жекелеген элементтерін сақтау мақсатында қорғаныс жұмыстары жүргізіледі.
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев нысанның тұтастығына ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Жөндеу жұмыстары басталғанға дейін техникалық қызмет ай сайын жолайырықты тексеріп отырады.