Алматыда нөсер жауын: Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге ауысты
Алматы, NEGE. Алматыда бүгін сағат 13:00-ден бастап тәулік соңына дейін найзағай ойнап, бұршақпен бірге нөсер жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Жауын-шашын мөлшері 20 мм-ге дейін жетуі мүмкін. Жел батыстан, солтүстік-батыстан 3–8 м/с, найзағай кезінде екпіні 18–23 м/с дейін жетеді.
19 мамырда да ауыспалы бұлтты ауа райы сақталады. Түнде сағат 05:00-ге дейін жаңбыр жаууы мүмкін, күндіз жауын-шашынсыз. Ауа температурасы түнде +13…+15°С, күндіз +20…+22°С. Жел оңтүстік-батыстан 3–8 м/с.
Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимге ауыстырылды. Түнгі уақытта 366 арнайы техника бірлігі мен 355 жол жұмысшысы жұмылдырылған. Ал 18 мамыр күндіз су басудың алдын алу және жою мақсатында 515 техника бірлігі, 27 мотопомпа және 755 жұмысшы қала көшелеріне шығады.
Сонымен қатар мотопомпалармен жабдықталған 42 жедел бригада дайындық режимінде жұмыс істейді.
– Арық желілері мен жауын суын қабылдайтын тұзақтарды тазалау және бақылау жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Қаладағы проблемалық учаскелерде тәулік бойы тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы құтқару қызметі (“Алматы қаласының құтқару қызметі” МКК) тарапынан 15 техника бірлігі мен 50 қызметкер, ал ТЖД тарапынан 55 техника бірлігі мен 245 маман кезекшілікке шықты, – деп хабарлады Алматы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.