Алматыда мұздақ көлдердің жай-күйін бақылау күшейтілді

Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласында мұздақ көлдердің жай-күйін тәулік бойы бақылауға арналған бес биік таулы бекет жұмысын бастағанын хабарлады.

egemen.kz

Астана, NEGE. Бақылау бекеттері Үлкен Алматы және Ақсай өзендерінің алабындағы көлдерде, сондай-ақ «Күмбел» гидробекетінің жоғарғы бөлігінде орналасқан.

Маусымдық бақылау бекеттері гидрологиялық жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етіп, көлдердің жай-күйіндегі ықтимал өзгерістерді дер кезінде анықтауға және қауіп туындаған жағдайда жедел ақпарат таратуға мүмкіндік бермек.

«Мұздақ көлдерге тәулік бойы мониторинг жүргізу сел қаупі кезеңі аяқталғанға дейін жалғасады», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Мұндай биік таулы бақылау бекеттері Алматы облысында да ашылды. Бұл іс-шаралар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мұздақ көлдердің жарылу қаупіне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.