10 февраля 2026 г. 16:08

Алматыда мектеп оқушылары іс-шара кезінде «құрғақ тұманнан» уланды

Фото: freepik.com

2026 жылғы 9 ақпанда Алматы қаласындағы №199 мамандандырылған гимназияның акт залында мәдени іс-шара өткізу барысында сахналық түтін генераторынан шыққан «құрғақ тұманнан» оқушылар уланған.

Алматы, NEGE. Алматы қаласы Білім басқармасы NEGE тілшісіне осы жағдайға қатысты пікір білдірді.

Белгілі болғандай, мектепте мәдени іс-шара өткізу барысында сахналық түтін генераторы қолданылған. Оны пайдаланғаннан кейін бірнеше оқушыда жөтел және көзден жас ағу сияқты жайсыздық белгілері байқалған.

Басқарманың хабарлауынша, 12 жастағы 6 бала зардап шеккен. Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылып, балалардың жағдайын дәрігерлер бақылауына алынды.

«Алматы қаласының Балаларға арналған шұғыл медициналық көмек орталығына жасы 12-дегі 6 бала «құрғақ тұманнан улану» белгілерімен жеткізілді. Барлығы профильдік токсикология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайлары орташа ауырлық дәрежесінде, тұрақты. Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде ем қабылдап жатыр», – делінген хабарламада.

Оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүргізілген. Жабдықты пайдалануға жол берген педагог тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, Ұлттық сараптама орталығының мамандары ауа сынамаларына зертханалық зерттеулер жүргізген. Зерттеу нәтижелері туралы қосымша ақпарат берілетін болады.

«Қазіргі уақытта гимназияда жаппай іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді», – деп хабарлады басқарма. 

Жағдай мектеп әкімшілігі мен Білім басқармасының бақылауында.