Алматыда көлік қозғалысын жасырын патрульдер бақылайды

Алматы қаласында «STOP бұзушылық» ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы аясында жолдарда жасырын патрульдеу форматы енгізілді, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

ІІМ

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, қаладағы көлік ағынын патрульдік полиция қызметкерлері азаматтық киімде және арнайы белгілері жоқ автокөліктермен бақылайды. Жасырын патрульдер жолдардағы құқық бұзушылықтарды тіркеп, ақпаратты нақты уақыт режимінде жақын маңдағы патрульдік полиция экипаждарына жолдап отырады. Кейін сол экипаждар көлікті тоқтатып, жүргізушіні заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартады.

«Бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетті. Тек өткен демалыс күндерінің өзінде Алматы қаласында агрессивті жүргізудің 28 дерегі анықталып, жолы кесілді. Барлық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды», – делінген ІІМ хабарламасында.

Полицейлердің айтуынша, жасырын патрульдеу енгізу жүргізушілердің тәртібін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

«Жасырын патрульдеу – көзге бірден түсе бермейтін өрескел құқық бұзушылықтарды анықтаудың тиімді құралы. Полиция қызметкерлері жалпы көлік ағынында жүріп, жүргізушілердің нақты әрекеттерін бақылайды. Әсіресе агрессивті жүргізу – "шахмат" тәсілімен жүру, күрт маневр жасау және өзге де қауіпті әрекеттер басты назарда», – дейді ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Полиция өкілі шараның басты мақсаты тек жауапкершілікке тарту емес, қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.

Қазір оқып жатыр

Хоккейшілерден ақша жинаған: «Құлагер» клубының бұрынғы басшысына үкім шықты

«Наурыз» ипотекалық бағдарламасына қатысушылардың тізімі жарияланды

Астанада күзге дейін бірнеше көшеде қозғалыс шектеледі

МӘМС қаржысын жымқыру бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған