Алматыда Қырғызстан студенттерін онлайн-казиноның ақша айналымына пайдаланған
Алматы қаласының үш тұрғыны заңсыз криптовалюта операцияларын жүргізу үшін дропперлер желісін ұйымдастырды деген күдікке ілінді. ҚМА ақпаратынша, күдіктілер дроппер ретінде Қырғызстан азаматтарын тартқан.
Астана, NEGE. Қылмыстық әрекетке негізінен студенттер мен қаржылық қиындықтарға тап болған адамдар тартылған. Оларды делдалдар арқылы тауып, шетелдіктердің Қазақстанға келу жолақысын, тұратын жері мен тамағын төлеп, ұялы телефондар және SIM-карталармен қамтамасыз еткен. Шетел азаматтары ақшалай сыйақыға өздерінің банк шоттарын пайдалануға рұқсат беріп, кейін еліне қайтып отырған.
Олардың шоттары тиісті лицензиясы жоқ USDT криптовалютасын сатып алу және сату үшін пайдаланылған. Бұдан бөлек, күдіктілер SkyPhoenix халықаралық төлем платформасы арқылы Pinco, Pinup, Nomad Games, Sultan Games және басқа да онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен.
«Күдіктілер түскен қаражаттың 4 пайызы мөлшерінде сыйақы алып, ойыншылардан төлем қабылдауды, ұтыстарды төлеуді және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютаға айырбастап, шығарып беруді қамтамасыз еткен. Дропперлік шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеден асқан», – делінген ҚМА хабарламасында.
Екі күдікті үйқамаққа алынып, сот санкциясымен олардың үш автокөлігі мен жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.