20 февраля 2026 г. 17:09

Алматыда кәсіпкерді бопсалаған блогерлер сотталды

Фото: Видеодан скрин/instagram/damir_za_mir_kz

Бопсалау дерегіне қатысты қылмыстық іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды.

Астана, NEGE. Сот дерегінше, 2025 жылғы қаңтарда блогерлер Дамир Күшеев пен Руслан Кәрімов және Құрманғазы Айтмұқанов пен Андрей Белянский алдын ала сөз байласу арқылы жәбірленушіні компроматтық мәліметтерді таратамыз деп қорқытқан. Олар жәбірленушіден 43 млн теңге көлеміндегі берешекті өндіріп алудан бас тартуды және 18 млн теңгені қолма-қол беруді талап еткен.

Сонымен қатар сотталушылардың біріне полиция қызметкерін әлеуметтік желілерде компроматтық материалдар таратамын деп қорқытып, одан 40 мың теңге көлемінде ақша алды деген айып тағылған.

Прокурор әрбір сотталушыға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар кінәсін мойындамай, соттан ақтауды сұрады.

«Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», – делінген сот хабарламасында.

Алқабилердің үкімімен төрт сотталушы Қылмыстық кодекстің 194-бабының 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал полиция қызметкерін бопсалады деп айыпталған сотталушы бұл эпизод бойынша кінәсіз деп танылып, ақталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.