Алматыда футбол алаңына партия туымен жүгіріп шыққан жанкүйер ұсталды

Алматыдағы Орталық стадионда өткен «Қайрат» – «Ордабасы» матчы кезінде алаңға ЖСДП партиясының туымен жүгіріп шыққан жанкүйерді полиция қызметкерлері ұстады.

Depositphotos

Астана, NEGE. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, көрермендердің бірі ойын алаңына жүгіріп шығып, қоғамдық тәртіпті және бұқаралық іс-шараларды өткізу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған. 

«Полиция қызметкерлері стадионның қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, заңсыз әрекетті дереу тоқтатты. Тәртіп бұзушы дәл ойын алаңында ұсталып, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілді», – деп хабарлады полиция.

Оқиғадан кейін ЖСДП партиясы Threads желісіндегі ресми парақшасында жанкүйерге қолдау білдіріп, оның қауіпсіздігіне алаңдайтынын мәлімдеді.

Аталған дерекке байланысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.