Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа «Жанұя» кешені ашылды
Қала күні қарсаңында Алматыда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа «Жанұя» мамандандырылған кешені салтанатты түрде ашылды.
Алматы, NEGE. Бұл қаланың инфрақұрылымын дамытудағы маңызы зор бастама. «Жанұя» кешені BI Group компаниясы мен Алматы әкімдігінің серіктестігі аясында салынды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 6 млрд теңге. Жаңа кешен Медеу ауданында орналасқан.
1967 жылы салынған ескі ғимарат қауіпсіздік талаптарына және заманауи стандарттарға сай келмейтін. Ал жобада барлығы жаңадан жасалып, аумақ едәуір кеңейіп, балаларға жайлы жағдай жасалып, заманауи технология енгізіліп отыр.
– Бүгінде қаланың инфрақұрылымы, әсіресе білім беру саласы қарқынды дамып отыр. Осы оқу жылында 12 жаңа мектеп пен инновациялық шығармашылық орталықтары ашылды. Ал «Жанұя» айрықша кешен. Мұнда ерекше күтімді және арнайы білім беруді қажет ететін балалар үшін барлық мүмкіндік бар. Оқу, даму және әлеуметтену үшін жағдай жасалған, – деді Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.
Мамандандырылған «Жанұя» кешенінің директоры Марина Дәулетбекова мекеме жұмысы туралы баяндады.
– Қазіргі таңда бізде 533 бала білім алып жүр. Оның ішінде 133 бала үйден оқиды, ал 400-і «Жанұя» кешенінде оқиды. Жарғыға сәйкес, біз 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация бағыттамасы сай «Зиятында ауытқуы бар» санаты бойынша қабылдаймыз. Оқу үдерісі бірінші ауысымда өтеді. Түстен кейін мамандандырылған мамандар қабылдайды, үйірмелер жұмыс істейді. Бізде күніне алты мезгіл тамақ беріледі. Спорт секциялары, хореография, шығармашылық үйірмелер, шешендік өнерге үйрету сабақтары бар. Робототехниканы енгізу жоспарланып отыр. Барлық сабақ балалар үшін тегін, – деді ол.
Кешенде логопед, дефектолог, психолог, емдік дене шынықтыру кабинеттері, қосымша білім беруге арналған шеберханалар, сондай-ақ тұзды шахта жабдықталған. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арнайы тактильді және түрлі-түсті навигациялық жүйе жасалған.