Алматыда электросамокатпен келе жатқан ер адам қаза тапты
Алматыда электросамокатпен келе жатқан 44 жастағы ер адам жол жиегіндегі жиектасқа соғылып, қаза тапты. Бұл туралы қалалық полиция хабарлады.
Астана, NEGE. Оқиға түнде Варламов көшесінде, Төле би даңғылына жақын жерде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам электросамокатты басқара алмай, жиектасқа соғылып құлаған. Соның салдарынан ауыр жарақат алған.
Оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері жетіп, ер адамға медициналық көмек көрсеткен. Дәрігерлер бірнеше минут бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ол алған жарақаттарынан көз жұмды.
Полицияның мәліметінше, ер адам электросамокатпен жүргенде дулыға мен басқа да қорғаныс құралдарын тақпаған.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.