8 июня 2025 г. 9:50
Алматыда екі қабатты коттедж өртеніп кетті
Алматы қаласының Медеу ауданында түнгі уақытта ағаштан салынып жатқан жеке тұрғын үйде өрт шықты. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарланды.
АЛМАТЫ, NEGE. Өрт сөндіру орнына жедел түрде арнайы штаб құрылып, өрт сөндіру оқпандары іске қосылды. Су үздіксіз жеткізіліп, тілсіз жауды ауыздықтауға барлық шаралар қабылданды.
Өртті сөндіру барысында үлкен қиындықтар туындады — үй толықтай ағаш материалдардан тұрғызылып жатқандықтан, жану жылдам жүрді.
Құтқарушылар жанып жатқан үйден екі газ баллонын алып шықты. Бұл әрекетпен олар ықтимал жарылыстың алдын алды.
— Өрт 600 шаршы метр аумақта ауыздықталды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, — деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері.