Алматыда бұрын сотталғандар өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, 3 млн теңге бопсалаған
Алматыда бұрын сотталған төрт адам өздерін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ретінде таныстырып, қару қолданып, қала тұрғынынан ақша талап еткен.
Астана, NEGE. ІІМ ақпаратынша, төртеуі алдын ала сөз байласып, қала тұрғынының соңынан аңдыған. Олар әлгі адамға өздерінің полиция қызметкері екенін айтып, тапаншамен қорқытып, оны көлікпен қала сыртына алып кеткен.
Қала сыртына шыққан соң төртеуі оған қысым көрсетіп, туысына қоңырау шалуға мәжбүрлеген. Туысы олар көрсеткен нөмірге 3 млн теңге аударған.
Осы дерек бойынша ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бұрын сотталған төрт адамды ұстады. Олардың біреуі бұған дейін адам өлтіргені үшін жазасын өтеген.
Тінту барысында олардан екі мылтық, карабин, газ тапаншасы және оқ-дәрілер тәркіленді. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Осыған ұқсас қылмыстық іс Ақтөбе облысында да қозғалды. Онда бұрын сотталған жергілікті тұрғын ұсталды. Ол да өзін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері ретінде таныстырып, жергілікті тұрғындардан психологиялық қысым көрсету арқылы ақша талап еткен.
Полицейлер ел тұрғындарын қырағы болуға және мұндай жағдай туындаған кезде дереу полицияға жүгінуге кеңес береді.