Алматыда бірнеше қылмысты жасырып қалған тергеуші сотталды
Арнайы прокурорлар Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция басқармасының бұрынғы тергеушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Тергеу деректеріне сәйкес, тергеуші 14 қылмыстың жасалғаны туралы мәліметтер қолында бола отырып, оларды әдейі тіркемеген, қылмыстық құқық бұзушылықтарды есепке алу тәртібін бұзған.
«Жүргізілген кешенді тергеу әрекеттері айыпталушының құқыққа қарсы әрекетін растады.
Күдіктінің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 433-бабы 2-бөлігімен (ауыр қылмысты жасыруға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру) сараланды», – деп хабарлады Алматы прокуратурасы.
Сот үкімімен бұрынғы тергеуші кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан 3 жыл мерзімге айырылып, «полиция лейтенанты» арнаулы атағынан айырылды.