Алматыда баспана нарығы мемлекеттік бағдарламаларға тәуелді болып қалды – сарапшы

Алматыда коммерциялық ипотека мөлшерлемесі жылдық 22–24 пайызға жетті. Құрылыс және реновация саласының сарапшысы Диляра Сейтнұрованың айтуынша, мұндай жағдайда көп отбасы үшін ипотека арқылы пәтер алу тым қымбатқа түседі.

Pixabay.com

Астана, NEGE. Сарапшының сөзінше, нарық бұл өзгерісті қазірдің өзінде сезіне бастаған. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жаңа үйлердің сатылымы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 20–25 пайызға азайған. Қазір сұранысты негізінен мемлекеттік бағдарламалар ұстап тұр, ал коммерциялық ипотека нарығы баяулаған.

Диляра Сейтнұрова бұған бірнеше себеп бар дейді. Елдегі инфляция шамамен 10 пайыз деңгейінде қалып отыр. Сондықтан Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тез төмендете алмайды. Бұдан бөлек, 2026 жылдың қаңтарынан бастап бастапқы нарықтағы тұрғын үйге қосылған құн салығы енгізілді. Соның салдарынан жаңа үйлер орта есеппен 10–12 пайызға қымбаттаған. Жылжымайтын мүлік иелеріне түсетін салық жүктемесі де артқан.

«Қазір көпшілік баспана алуға асықпай, жағдайдың қалай өзгеретінін күтіп отыр. Ал бірнеше жыл бұрын жеңілдетілген ипотекамен үй алғандар қазіргі қымбат ипотеканы рәсімдеуге қайта тәуекел етпейді. Сондықтан олар пәтерін сатып, басқа баспана алуға асықпайды. Бұл нарықтағы сауданың бәсеңдеуіне әсер етіп отыр», – дейді Диляра Сейтнұрова.

Қазір негізгі мәмілелер «Алматы жастары», «7-20-25», «Наурыз» және Отбасы банк бағдарламалары арқылы жасалып жатыр. Алайда бұл бағдарламаларға қатысқысы келетіндер саны бөлінетін қаржы көлемінен көп. Сондықтан кезек те ұзарып жатыр.

Сарапшының айтуынша, коммерциялық ипотеканың арзандауы үшін базалық мөлшерлеме 2026 жылдың соңына дейін 12–14 пайызға түсуі керек. Сонда ғана банктердегі ипотека мөлшерлемесі 15–16 пайызға дейін төмендеп, 2027 жылы сұраныс қайта жандануы мүмкін. Алайда Сейтнұрова базалық мөлшерлеменің мұншалықты тез төмендеуі екіталай екенін айтады.

«Инфляция төмендемесе, нарықты әлі де мемлекеттік бағдарламалар ғана алға сүйрейді. Мұндай жағдайда шағын құрылыс компанияларына ірі компаниялармен бәсекелесу қиындайды», – дейді ол.

Тағы бір маңызды фактор бар. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Онда сараптама мен техникалық қадағалауға қойылатын талаптар күшейтілген. Сарапшының пікірінше, бұл кейбір жаңа жобалардың басталуын баяулатып, алдағы уақытта тұрғын үй ұсынысын шектеуі мүмкін.

Сейтнұрова баспана алуды жоспарлап жүргендерге жеңілдетілген бағдарламаға қатысу мүмкіндігі болса, оны кейінге қалдырмауға кеңес береді. Ал жылдық мөлшерлемесі 20 пайыздан асатын коммерциялық ипотеканы қарастырып жүргендерге Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты шешімдерін бақылаған жөн.

Егер пәтер инвестиция ретінде алынса, тек бағаның өсуіне емес, жалға беруден түсетін табысқа да мән беру керек. Сарапшының айтуынша, Алматы мен Астанада жалға беруден түсетін табыс қазір жылына 6–8 пайыз шамасында.