Алматыда әйелді балағаттаған Канада азаматы 5 тәулікке қамалды
Алматыда шетел азаматы қоғамдық тамақтандыру орындарының бірінің маңында түсірілген видеодан кейін қамауға алынды. Ол көрші үстелде бейнетүсірілім жасап отырған әйелге балағат сөздер айтқан.
Астана, NEGE. Бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыланған соң Алматы тәртіп сақшылары құқық бұзушының жеке басын анықтады. Қалалық полиция қызметінің мәлімдеуінше, бейәдеп сөздер айтқан ер адам Канада азаматы болып шықты.
«Ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен Канада азаматы 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Полицейлер азаматтығына немесе мәртебесіне қарамастан, Қазақстан аумағында заң талаптары баршаға ортақ екенін, ал қонақжайлық заңды елемеуді білдірмейтінін атап өтті. Сондай-ақ ведомство өкілдері Қазақстан аумағында жүрген әрбір адам заң талаптарын сақтап, айналасындағыларды құрметтеуге міндетті екенін еске салды.