5 ноября 2025 г. 10:57

Алматыда ауа райына байланысты 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Фото: ашық дереккөз
Алматыда сағат 18:00-ден таңғы 06:00-ге дейін 17 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам зардап шекті. Бұл туралы Алматы полиция департаменті хабарлады.

Астана, NEGE. Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының басты себептері – қашықтықты сақтамау, жылдамдықты асыру және жол қозғалысына мұқият болмау. 

«Алғашқы қар әдеттегідей жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін сынақ кезеңі болады. Мұндай жағдайда жол беті тайғақ болып, көліктердің тоқтауы қиындайды. Алайда көптеген жүргізушілер ауа райы мен жол жағдайын ескермей, бұрынғы жылдамдықпен жүруді жалғастырады. Баршаңызды аса мұқият болуға, жылдамдықты төмендетуге және жол қауіпсіздігі әрқайсымызға байланысты екенін есте сақтауға шақырамыз», — деді қалалық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқарма басшысының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Полиция өкілдері күннің суытуына байланысты көліктерді қысқы кезеңге алдын ала дайындау, жүйелердің жұмысын тексеріп, жазғы доңғалақтарды қысқыға ауыстыру қажет екенідігін айтады.

Құқық қорғаушылар сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жолдан өткен кезде абай болуды, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпеуді еске салды.

Айта кетейік, Алматыда алғашқы қар 4 қараша кешке жауды. Қала жолдарын таза әрі қауіпсіз ұстау үшін коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр: 918 арнайы техника мен 2 550 жол жұмысшысы жұмылдырылған.