Алматыда аптап ыстықтан жарық сөнуі жиілеп кеткен

17-20 шілде аралығында Алматыда аптап ыстық болды – ауа температурасы +40 °C-тан асты. Ыстыққа байланысты кондиционерлердің және электр қуатын көп тұтынатын өзге де құрылғылардың жаппай қолданылуынан электр желілеріне түсетін жүктеме артқан.

magnific.com

Астана, NEGE. «Алатау Жарық Компаниясының» мәліметінше, желілердегі шамадан тыс жүктеме мен жабдықтардың тозуы электр энергиясының апаттық жағдайда  жиі өшуіне негізгі себеп болған, деп жазады BES.media.

Кейбір аудандарда бірінен кейін бірі бірнеше ақау тіркелген: бір желі учаскесін жөндеп жатқан кезде, басқа жерде жаңа ақау пайда болып отырған. Осыған байланысты кейбір үйлерде жөндеу жұмыстары бірнеше сағатқа, ал кей жағдайда бір тәулікке дейін созылған.

Компанияның мәліметінше, апаттарды жою үшін тәулік бойы 35 бригада жұмыс істеген: 14 жедел шығу бригадасы, 7 желілік бригада, 10 кабельдік бригада және диспетчерлік қызметтің 4 ауысымы. Әрбір учаскеде жарық толық қалпына келтірілгенге дейін жұмыстар тоқтатылмаған.

Сондай-ақ, компания өкілдерінің түсіндіруінше, қаланың электр желілерінің едәуір бөлігі ондаған жылдардан бері пайдаланылып келе жатса, жаңа тұрғын үй құрылыстарының көбеюі мен тұтынушылар санының артуына байланысты желілерге түсетін жүктеме жыл сайын өсіп отыр.

Бұл ретте «Алатау Жарық Компаниясы» қазіргі уақытта электр желілерін жаңғырту бағдарламасы іске асырылып жатқанын хабарлады. Жоба аясында кабель мен әуе электр беру желілерін қайта жаңғырту, трансформаторлық және тарату қосалқы станцияларын жаңарту, сондай-ақ тозығы жеткен жабдықтарды ауыстыру жоспарланған.