Алматыда әнші Гүлнәр Сиқымбаеваның жалғыз ұлы өлі күйде табылды
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Сиқымбаеваның ұлы Байыр Сиқымбаевтың денесі табылды.
Астана, NEGE. Қаралы хабарды журналист Жариза Бегалы жеткізді.
«Әнші Гүлнәр Сиқымбаеваның ұлы табылды. Марқұмның неден қайтыс болғаны белгісіз. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Сиқымбаеваның жалғыз ұлы. Жаны жаннатта болсын», – деп жазды журналист желідегі парақшасында.
Бұл ақпаратты Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
«Кеше Алматы қаласының Бостандық ауданында сыртқы зорлық-зомбылық белгілерінсіз ер адамның мәйіті анықталды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда марқұм әнші Гүлнәр Сиқымбаеваның ұлы Байыр Сиқымбаевқа іздеу жарияланғанын жазған едік. Байыр Сиқымбаев 24 наурыз күні Медеу ауданындағы Коперник көшесіндегі үйінен шығып кетіп, сол күйі оралмаған. Ал белгілі эстрада әншісі Гүлнәр Сиқымбаева 2024 жылы күзде дүние салған еді.