26 ноября 2025 г. 17:40

Алматылық дәрігерлер ер адамға әйелдің жүрегін салды

Фото: Gov.kz

Алматы қаласының қалалық кардиологиялық орталығында алғаш рет адамның жүрегі ауыстырылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.

Астана, NEGE. Пациент – терминалдық созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған 34 жастағы ер адам болды. Ауруының асқынуына байланысты ол республикалық жүректі трансплантаттаудың күту парағына енгізілген.

Донор – артериялық гипертензияның ауыр түрімен ауырып, инсульт алған 50 жастағы әйел. Ол Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасына шұғыл жеткізілді.

Кейін дәрігерлер оның ми өлімін анықтап, өлімнен кейін донор болу мүмкіндігін растады. Туыстары келісім берген соң, донорлық процес ұйымдастырылды.

Жүректі трансплантаттау бойынша операция бес сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталды.

Жүректі трансплантаттауды ҚКО директоры Ермағамбет Қуатбаев пен КФ UMC КҚ басқарма төрағасы, профессор Ю.В. Пяның басқаруымен Алматы қалалық кардиологиялық орталық пен UMC КҚ (Астана) мультидисциплинарлық командасы орындады,- делінген хабарламада.

Айта кетейік, Алматы қаласының қалалық кардиологиялық орталығы жүректі трансплантаттауды жүргізуге уәкілетті медициналық ұйымдардың тізбесіне ресми түрде енгізілген.