Алматыда ағаштарды рұқсатсыз кескендерге қатысты іс қозғалды
Алматының Бостандық ауданында ағаштардың кесілуіне байланысты полиция іс қозғады.
Астана, NEGE. Оқиғаға әлеуметтік желі қолданушысының жазбасы себеп болды. Қала тұрғыны Байтұрсынов көшесіндегі 104а мекенжайында өсіп тұрған ағаштардың кесіліп жатқанын айтып, суреттерін жариялаған.
Оның айтуынша, бұл аумақта бұрын балабақша болған, кейін ғимарат бос қалған. Тұрғын ағаштардың орнына жаңа тұрғын үй кешені салынуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.
Жазбаға Бостандық ауданының әкімдігі жауап берді. Әкімдік мәліметінше, аталған жер телімі жекеменшікте. Ағаштардың кесілуінен келген залалды анықтау үшін табиғатты қорғау полициясы қалалық Экология басқармасына сұрау жолдаған.
Алматы қаласының Экология басқармасы бұл мекенжайдағы ағаштарды кесуге рұқсат сұралмағанын және ешқандай рұқсат берілмегенін хабарлады.
Басқарма қызметкерлері оқиға орнына барып, келтірілген залалды есептеген. Жиналған материалдар тиісті шара қабылдау үшін полицияға жолданған.
Бостандық ауданының полиция басқармасы ағаштарды кесу дерегі бойынша іс қозғаған.