18 декабря 2025 г. 9:21

Блогер Мирболат Мырзатайұлының жақтастары баспасөз мәслихатын өткізді

Фото: NEGE

Алматыда Адам құқықтарын қорғау ұйымының ғимаратында Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі «ұлтаралық араздықты қоздыру» бойынша 4 жылға сотталған белсенді, блогер, журналист Мирболат Мырзатайұлының жақтастары баспасөз мәслихатын өткізді. 

Алматы, NEGE. Баспасөз мәслихатына қоғам қайраткері Хасен Қожахмет, саясаттанушы Дос Көшім, заңгер Сәбитхан Сәрсенбаев және Мирболат Мырзатайұлының жақындары мен жақтастары қатысты.

Биыл сәуір айында Мырзатайұлы Алматыдағы коммуналдық мекемеге барып, оның басшысымен жанжалдасады. Ол басшыдан қазақ тілінде жауап беруді талап еткен. Сол сәттегі диалогтан алынған видеоүзінді әлеуметтік желіде жарияланған.  

«Кейін полицейлер аталмыш видеода айтылғандарды «ұлтаралық араздықты қоздыру» деп бағалап, оны сот-сараптамасына жіберді. Сот-сараптамасы «ұлтаралық араздықты қоздыру» деген қорытынды шығарған. Тергеуші жауап алу хаттамасын сотқа жолдаған. Сот сараптама қорытындысы мен тергеушінің жауап алу хаттамасы негізінде 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», – дейді заңгер Сәбитхан Сәрсенбаев.

Мирболат Мырзатайұлы, Фото: әлеуметтік желіден

Дос Көшім Мирболат Мырзатайұлының үстінен іс қозғауға себеп болған видеода айтылған сөздерді қарап шыққан. Саясаттанушы ол видеода ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған сөздер жоқ ден санайды. Көшімнің айтуынша, керісінше кооперативтің бастығын сотқа беру керек.

«Біріншіден, ол орыс тілін мемелекеттік тіл деп айтқан. Ол жалған ақпаратқа жатады немесе Конституцияны өрескел бұрмалау болып саналады. Екіншіден, оның «ты нацист» деген сөзі бар. Осы айтылған екі сөзі үшін ол сотталуы тиіс еді», – дейді саясаттанушы. 

Ол Мирболат Мырзатайұлының айтқан сөздерін де саралап шықты. 

«Мирболаттың айтқан сөздерін мен әдейі жазып алып шықтым. Барлығымыз оны ой елегінен өткізіп көрейік. Біріншісі: «Басшылық қызметте отырып мемлекеттік тілді сыйламайсыз», – дейді Мирболат. Бұл жерде ұлтаралық араздыққа қатысты қандай сөз бар? Екіншісі: «Мемлекеттік тілді неге білмейсіз?». Үшіншісі: «Сіз білуге міндеттісіз», – дейді Дос Көшім.

Дос Көшімнің айтуынша, лингвистикалық сараптаманы тәуелсіз сарапшыларға ұсыну керек. 

Мирболат Мырзатайұлының жұбайы Гүлшат Бишуинованың айтуынша, олар өз тараптарынан екі сарапшының лингвистикалық сараптама қорытындысын ұсынған. Судья оны іске тіркегенімен, сот процесі барысында таныстырмай қойған. Сот мемлекеттің ұсынған сарапшысының қорытындысы негізінде үкім шығарған.

Фото: NEGE

Туыстары мен жақтастары Мырзатайұлы блогерлік қызметіне байланысты қамауға алынды деп санайды.

«Мирболатты абақтыға жабу мақсаты болған. Ол біреуді өлтіріңдер, жойыңдар деген жоқ қой. Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін ғана тергеуге жіберілген», – дейді заңгер Сәбитхан Сәрсенбаев.

Қазіргі уақытта Мирболат Мырзатайұлының жақындары бірінші сатыдағы сот материалдарымен танысып жатыр. Гүлшат Бишуинованың айтуынша, содан кейін апелляциялық сатыдағы сот процесі басталады. Әзірге апелляциялық сот отырысының уақыты белгіленбеген.