Алматыда 12 жастағы жасөспірім пышақ жарақатынан қаза тапты
Желіде Алматы қаласында 12 жастағы балаға 13 жастағы екі жасөспірім бірнеше рет пышақ жарақатын салып, салдарынан жасөспірімнің қаза болғаны жөнінде ақпарат тарады.
Астана, NEGE. Қалалық полиция департаменті 10 маусым күні Түрксіб ауданында 12 жастағы жасөспірім пышақ жарақатынан көз жұмғанын растады. Қылмыс жасады деген күдікпен 13 жастағы алматылық ұсталды, ол марқұммен бұрын таныс болған. Бұл факт бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, жарақаттар кәмелетке толмағандар арасында туындаған жанжал кезінде салынған. Қазіргі уақытта күдікті арнайы мекемеге орналастырылды», – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға және істі жан-жақты тергеп-тексеруге бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Тергеп-тексеру нәтижесі бойынша баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-анасын жауапқа тарту мәселесі қаралмақ.