9 сентября 2022 г. 18:23

Алматы жылыту маусымына дайын ба?

Фото:

Әдетте күз мезгілінде қысқы маусымға дайындық жұмыстары қызу жүреді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде есеп берген Алматы қаласы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Санжар Алинның айтуынша, басқарма бүгінде 77 жобаны іске асырып отыр, оның 41-і құрылыс сатысында, ал 36-сы жобаланған.

Алматы, NEGE. Қала тұрғындарын сапалы су құбыры және кәріз желілерімен қамтамасыз ету үшін басқармамен Алатау, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарында 27 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Желілердің ұзындығы – 690,2 шақырым. 11 жоба биыл (желілердің ұзындығы 272,2 шақырым), қалған 16 жоба (желілердің ұзындығы 418 шақырым) 2023-2024 жылдары аяқталады деп жоспарланған.

«2020 жылы Наурызбай ауданындағы Қарғалы, Қарағайлы, Құрамыс, Таусамалы шағын аудандарының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін 50 мың тұрғынды сумен қамтамасыз ететін «Қарғалы» су тарту құрылысы салына басталды.

Сондай-ақ, биыл Ақжар, Тастыбұлақ, Шұғыла, Таусамалы шағын аудандары, Жаңатұрмыс және Қырғауылды шағын аудандарының 100 мың тұрғынын сумен жабдықтайтын осыған ұқсас құрылысты Ақсай өзенінде бастау жоспарланып отыр», – деп хабарлады Алматы қаласы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Санжар Алин. Мұнымен қоса басқарма сумен жабдықтау және су бұру желілерімен қамтамасыз ететін 25 объект жобасын әзірлеуге кіріскен.

Алматы жылыту маусымына 94 пайыз дайын

Алматыда жылу желілерін сынап көру жұмысы қолға алынды. Бүгінде жылыту маусымына дайындық ресурспен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың кестесіне сәйкес жүргізілуде. Энергокешен жылу беру маусымына 94 пайыз дайын деуге болады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Санжар Алин атап өткендей, жылу желілерінің дайындығы – 97 пайызды, электр желілерінің дайындығы – 83 пайызды, газ желілерінің дайындығы – 100 пайызды, сумен жабдықтау желілерінің дайындығы – 100 пайызды, су бұру желілерінің дайындығы – 100 пайызды, Алматыжылужайэнерго қазандықтарының дайындығы – 85 пайызды, АлЭС энергия көздерінің дайындығы – 74 пайызды құрайды. Қазіргі таңда жылыту маусымына білім беру, денсаулық сақтау және көппәтерлі тұрғын үйлердің дайындығы – 100 пайызды құрайды», – деді басқарма басшысы.  

Айта кету керек, Алматыда «АЖЖЭ» кәсіпорнымен 110 тонна көмір және 7,9 мың тонна мазут дайындалды. «АлЭС» АҚ кәсіпорнымен 186,5 мың тонна көмір және 19,3 мың тонна мазут сақталған.

Қала тұрғындарын үздіксіз ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етуге келсек, басқарма Бостандық (Оңтүстік қазандығы (80 пайыз)) және Наурызбай («Премьера» қазандығы (60 пайыз)) аудандарындағы 2 қазандықты реконструкциялау жұмыстарын қолға алды. Бұл жұмыс 2023 жылы аяқталмақшы. Бұл 300 мың тұтынушыны жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қазандықтар мен жылу желілерін қайта жаңартудың бес жобасы әзірленуде. Жетісу және Түрксіб аудандарында жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді 2022-2023 жылдары аяқтау көзделген. Осы жылдың 8 айында12 шақырым жылу желісі қайта жаңартылып, 6 шақырым желі оқшауланды.

Тегтер: