Алматы облысында жоғалып кеткен отбасы мүшелері аман-есен табылды

Алматы облысында жоғалып кеткен 7 адамнан тұратын отбасы аман-есен табылды, - деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Алматы, NEGE. "2023 жылғы 3 қаңтарда сағат 20:30-да Республикалық жедел-құтқару жасағы мен Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының күшімен Бартоғай су қоймасы мен Фесенков атындағы Астрофизика институтының обсерваториясына жетпей 40-қа жуық автокөлік табылды. Адамдардың нақты саны анықталып жатыр, алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер жоқ. Жоғалып кеткен 7 адамнан тұратын отбасы да сол жерде екен. Көбінің машинасында жанармай таусылып қалған. Қазіргі уақытта құтқарушылардың күшімен автокөліктерге жанармай құю және адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ведомство аман-есен табылған отбасы мүшелері жоспарланған туристік маршруты туралы облыстық ТЖД-ға ескертпегенін атап өтті.