Алматы облысында перзентхана ашылды
Алматы облысы, Жамбыл ауданында жаңа перзентхана ашылды.
Алматы, NEGE. Алматы облысы Жамбыл ауданында былтыр 4 мың 600 сәби дүние есігін ашқан. Биыл туу көрсеткіші бес мыңға жуықтады. Осы ретте перзентхана тапшылығы байқалатын. Жыл соңында бұл олқылықтың орны толды. Ұзынағаш ауылында жаңа перзентхана ашылды. Ал Қасымбек ауылында білім ордасы пайдалануға берілді. Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта жаңа перзентхананың ашылуы елеулі оқиға. Өйткені, бұған дейін 200 мыңға жуық халқы бар ауданда 55 орындық бір ғана перинаталдық орталық жұмыс істеген.
Перзентхананың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты. Былтыр Жамбыл ауданында 4600 сәби дүние есігін ашса, биыл туу көрсеткіші 5 мыңға жуықтады. Перзентхана соңғы медициналық құралдармен жабдықталған. Мұнда фитотерапия аппараты, өкпені оттегімен қамтамасыз ететін қондырғы, шала туған балалардың жетілуіне жәрдемдесетін камералар бар. Дәліздеріне оттегі жеткізетін мыс құбырлар тартылған. Ғимарат іші антибактериалды тазартқыштармен жабдықталған климаттық және желдеткіш құралдарға қосылған. «Осының барлығы ана мен сәбиге сапалы медициналық қызмет көрсету үшін жасалған» дейді дәрігерлер.