Алматы облысында қалааралық автобустар қайта жүре бастайды
Алматы облысында карантин талаптарын кезең-кезеңмен жеңілдету жалғасуда.
Алматы, NEGE. Алматы облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерғали Сыдыманов N27 қаулысы 31 тамыз күні сағат 07:00-де күшіне енеді. Аталмыш қаулы талаптарына сәйкес, облыстың тамақтану орындары 30 адамға дейін ғана қабылдауға ғана құқылы, алайда оларға той, банкет жасауға болмайды. Сондай-ақ аталмыш нысандар 17 тамыздан бастап түнгі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істесе, енді олардың жұмыс уақыты бір сағатқа немесе сағат 23:00-ге дейін ұзартылды. Ал, 31-ші тамыздан бастап қалааралық автобустардың жұмысы қайта жанданады.
Облыстың аудандары мен қалалары арасында, сондай-ақ облыс шегінен тыс жерлерде жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көлік қозғалысына рұқсат берілді. Бұл ретте әр рейс алдында қоғамдық көлікті, қоғамдық көлік аялдамаларын (күніне кемінде екі рет), жуу және дезинфекциялау құралдарын, қолдана отырып өңдеу жүргізу қажет болады. Айта кететін мәселе, аталған қаулы талаптарына сай, бассейндердің жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Ал түнгі клуб, кальян барлары, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктер, ойын-сауық нысандары (көрмелер, букмекерлік, бильярд, караоке, PS-клубтар, квестдар, антикафе, боулинг-орталықтар, лото-клубтар, компьютерлік клубтар, батуттар және т.б.) жұмыс істемейді.