Алматы облысының орталығында «Аяулы алақан» аллеясы ашылды
Бүгін Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында «Аулы алақан» атты ескерткіш ащылды. Бұл туралы Nege.kz тілшісі хабарлады.
Талдықорған, NEGE. Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай, қаланың көркіне-көрік қосатын алея ашылды. Мұнда дәрігерлерге деген алғыстың нышаны ретінде «Аяулы алақан» мүсіні қойылған. Жоба авторы – Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Мүсінде адамның қос алақаны бейнеленген. Ал екі уыстың арасында жапырағы жайқалған жас ағаш өсіп тұр.
«Бүгінгі ашылған «Аяулы алақан» ескерткіші – аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген медицина саласы қызметкерлерінің құрметіне арналады. Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен ақ халатты жандарға деген ел құрметінің белгісі. Сондай-ақ, халықтың адал перзенттеріне ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады», – деді Амандық Ғаббасұлы.
Баршаға мәлім, Алматы облысының Денсаулық сақтау жүйесі бірнеше айдан бері дамылсыз жұмыс істеп келеді. Пандемиямен күреске 31 медициналық ұйым жұмылдырылды, оның ішінде 4-еуі Талдықорған қаласында орналасқан. Амбулаториялық және стационарлық деңгейде үш жарым мыңға жуық (3455) медицина қызметкері, оның ішінде 851 дәрігер және 2604 кіші және орта буын дәрігерлері тартылды.
Пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен барлығы 13,8 млрд. теңге бөлінді, медициналық жабдықтармен жарақтандыру 79-дан 90 пайызға дейін өсті. Ал, пандемия басталғаннан бері коронавирус пен пневмониядан 51 мыңнан астам адам жазылып шықты.
Негізі мүсін «Шығыс» ықшамауданында, модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының жанында орнатылды. Мүсіннің биіктігі – 1,2 м, ұзындығы – 3,8 м, ені – 2,8 м, қоладан жасалған.
Айта кетейік, облыстық «Jetisy Media» КММ Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай ерлік істерімнен ерекшеленген Талдықорғанның батырлары туралы бейнеролик түсірді, Видеода өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін сақтап қалған адамдар бейнеленген.