Алматы облысы демалыс күндері локдаунға жабылады

Соңғы аптада коронавируспен ауырғандардың өсу қарқыны Алматы облысында 0,6 процентті құрап, өткен тәулікте 99 жағдай тіркелген.

Алматы, NEGE. Инфекциялық стационардың толымдылығы 43 процентті, реанимациялық төсектер толымдылығы 15 процентті құрап отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы қысқаша баяндаған облыс әкімі Амандық Баталов айтты. Өңір басшысының айтуынша, облыстың медициналық ұйымдары қажетті жабдықтармен және дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген.

Инфекциялық стационардағы төсектер саны 412-ге көбейтіліп, қазір саны 1 550 бірлікке жеткізілді. Биылғы жылдың басынан бастап 11 ПЦР-зертханасында 137 мың тест өткізілген. 391 мобильді бригада коронавирус күдігі бар науқастардың үйіне барып 50,7 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетті. Облыста ауру деңгейінің өсуіне байланысты карантин режимі күшейтілді. Белгілі болғандай, мектепке дейінгі мекемелердің, қоғамдық тамақтану объектілерінің, діни ұйымдарының, қоғамдық моншалар мен көлік жұмысы сағат 17-ге дейін, ойын-сауық объектілері мен мейрамханалардың жұмысы сағат 21-ге дейін келушілер санын ескере отырып шектелді. Демалыс күндері облыста толық локдаун енгізіледі.

«Алматы қаласы мен облыс арасында халық көші-қонының жиілеуіне байланысты қала маңындағы Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында ауру деңгейінің біршама өсуі байқалады, бас санитарлық дәрігерлер шектеу шараларын күшейту жөнінде жекелеген қаулылар қабылдады», - деп атап өтті А.Баталов.

Қазір оқып жатыр

Дубай соты қазақстандық бизнесмендерге 950 мың доллар айыппұл салды

Астана тұрғынының пәтерінен 20 мың доллар мен зергерлік бұйымдар ұрланды

Қазақстанның мемлекеттік қарызы бір тоқсанда 400 млрд теңгеге жетті

Чемпиондар вагоны: қарағандылық бишілер желіні тәнті етті