Алматы әкімі ауыса ма?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы трагедиядан кейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаевты ауыстыруға қатысты пікір білдірді.
Алматы, NEGE. Мемлекет басшысы Сағынтаевтың қызметтік міндеттерін атқару жағынан адал адам екенін атап өтті. «Оны кінәлай алмаймын. Қызметтік міндеттерін атқару жағынан адал адам, негізі. Алайда алматылықтардың көңіл-күйін де ескеруге міндеттімін. Сол себепті уақыт келгенде білесіздер», – деді Тоқаев сұхбатында.
Президент интернетте жарияланған петиция туралы білетінін де айтты. Сондай-ақ, ол қаланы «Алматы» емес, «Алма-Ата» деп атауға қатысты өз ойын айтты.
«Енді, қазір барлық құжатты ауыстырып қайтеміз. Тиісті шешімдер қабылдау керек. «Алматы» деген атау қазақ тілді адамдарға жақын. Ал орыс тілділерге «Алма-Ата» деп айтқан жеңіл. Былай келісейік, ресми түрде «Алматы» атауы қала берсін, ал қала тұрғындары мен оны жақсы көретіндер қалай атаса да, өз еркі», – деп атап өтті президент.