Алматы әкімдігі кімді мазақ еткісі келеді?

Мына індет өршіп барады. Жұрттың бәрі жаппай пневмония, тұмау, коронавирус... Шалғай өңірдегі халықтың қандай күйде екенін білмейміз, бірақ қаладағы жағдай да жетісіп тұрған жоқ. Дәріхана алдында ұзын-сонар кезек. Іздеген дәріні таппай, сабылып жүрген адам.

Бірақ ахуал тым ушығып тұрғанда Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер дәрі-дәрмек тапшылығына байланысты мәселеге жауап берудің орнына қаладағы 20 мың үй жануары, яғни, ит пен мысықты тегін чиптеудің жыл сайынғы бағдарламасы бастау алды деген ақпарат таратып отыр. Дәл қазір адам өмірі үшін арпалысқан уақытта ит пен мысықтың чиптелгені кімге қажет? Оған зәру болып отырған адам бар ма? 

Қазір екінің біріне екіжақты өкпенің пневмониясы деген диагноз қойылуда. Қазір жедел жәрдем шақырса да, келіп жатқан жоқ. Көбі дәрігерден онлайн колсультация алып, үй жағдайында емделуде. Алайда, дәріханада қажетті дәрі жоқ. Дексаметазон, фраксипарин деген дәрілерді таппай жүргендер өте көп. Ал тапқан дәрінің бағасы шарықтап кеткен. Осындай қысыл-таяң шақта дәрінің де бағасын қымбаттатып, пайда тауып жатқандарға не айтуға болады? Мәселен, бұған дейін 12 мың теңге тұрған Клексан препараты 40 мың теңге болып кеткен. Дәрінің бағасын қадағалайтын, бақылауға алатын үкімет қайда қарап отыр? Жергілікті әкімдік ше? 

Осыны біле тұра, "Алматы қаласында тегін чиптеу бағдарламасының шеңберінде 3 мыңнан астам мысық пен шамамен 17 мың итті қамту жоспарланып отыр" деп, қарадай қаныңды басыңа шаптырады. Мейлі, чиптендіре берсін, осыны дәл қазір маңызды ақпарат деп санай ма? Тап қазір "дәріханаға мынандай дәрілер түсті, дәріхана дәрімен қамтылды..." деген сүйінші ақпаратты күтіп отырған адам қаншама? Ал бұлар ит пен мысықты айтып, онсыз да көңілі қам халықтың жүйкесіне тиеді. 

Қазір оқып жатыр

Ақтөбеде әкімдік ғимаратындағы өрт толық сөндірілді

Ақтөбеде әкімдік ғимараты өртенді

«Бүгін түнде тұтас бір өркениет жойылады»: Трамп Иранға қатысты тағы мәлімдеме жасады

Тоқаев жұмыскерлердің еңбек құқығын күшейтуге қатысты заңға қол қойды